ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ
ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ИНТЕГРАЦИЯЛАУҒА НЕГІЗДЕЛГЕН АРАЛАС ОҚЫТУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ДИЗАЙНЫ
Біздің зерттеу тобымыз ұсынып отырған «Жоғары оқу орындарында цифрлық білім беру технологияларын интеграциялауға негізделген аралас оқытудың педагогикалық дизайны» тақырыбындағы Ғылыми Жоба әлемдегі білім беруді трансформациялау үдерісіне сәйкес жоғары оқу орындарында аралас оқытудың ғылыми негіздемесі мен әдіснамалық-тұжырымдамасын жасау, цифрлық білім беру технологияларын интеграциялау негізінде аралас оқытудың педагогикалық дизайны мен технологиялық моделін құрастыру және апробациялау мақсатын қойып отыр.
Әлемдегі және еліміздегі зерттеушілердің еңбектерін саралау қазіргі жағдайда үнемі жаңарып отыратын цифрлық білім беру технологияларының мол әлеуеті аралас оқытуда кеңінен пайдаланылмай жүргенін көрсетті. Сонымен қатар, пандемия және одан кейінгі кезеңдегі оқытуды трансформациялау үрдісі туралы талдаулар оқу орындарында дәстүрлі және қашықтан оқытудың мүмкіндіктерін жинақтап, аралас оқытуды дидактикалық және технологиялық тұрғыдан негіздеудің жеткіліксіздігін анықтады.
Дәстүрлі оқытуды цифрлық заман талаптарына сай қайта қарастыру, онлайн форматта оқытудың мүмкіндіктері мен қайшылықтары оқытудың аралас түрін тереңірек зерттеуге алып келді. Жүргізілген зерттеу жұмыстары онлайн және офлайн оқытудың байланысын қамтамасыз ете алатын ресурстардың жеткіліксіздігін, оқытудағы цифрлық қарым-қатынасты қолдана отырып, аралас оқыту дизайнын жасақтауға қажеттілік барын айқындады. Осыған сай, ұсынылған Жобаны жүзеге асырудан күтілетін нәтиже - цифрлық технологиялардың дидактикалық әлеуеті қамтылған ғылыми, әдіснамалық тұжырымдамасын негіздеп, білім берудің цифрлық ресурстарын интеграциялау арқылы аралас оқытудың педагогикалық дизайнын құру, апробациядан өткізу және тәжірибеге енгізу болады.
Цифрлық білім беру технологияларының интеграцияланған педагогикалық дизайнын ендіру базасы ретінде университеттің аралас оқытудың ғылыми-практикалық орталығына айналып, жоғары оқу орны оқытушылары мен болашақ педагогтардың, мектеп мұғалімдерінің әдістемелік семинарлары мен конференцияларын тұрақты түрде өткізу, әдістемелік портал құру, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру жұмыстары жүргізілетін болады. Ғылыми зерттеулерге студенттер мен магистранттарды, жас ізденушілерді тарту, беделді ғылыми басылымдарға зерттеу нәтижелерін жариялау, монографиялар шығару, авторлық құқық пен патенттер алу жұмыстары университеттің ғылыми деңгейін көтереді.
Бұдан басқа, аралас оқытудың жаңа дизайны әдістемесі мен технологиясы бойынша пәнаралық элективті курстар енгізумен университеттің білім беру бағдарламаларының академиялық артықшылық деңгейі артатын болады, студенттердің аралас оқыту дағдылары мен пәнаралық құзіреттіліктері Батыс Қазақстан өңірінің білім беру ұйымдарын бәсекеге қабілетті мамандармен толығуына әсер етеді.