Дәстүрлі оқытуды цифрлық заман талаптарына сай қайта қарастыру, оның мүмкіндіктері мен қайшылықтарын зерттеу, әлемдік және отандық тәжірибені талдау арқылы аралас оқытудың педагогикалық дизайнын әдіснамалық - теориялық тұрғыдан негіздеу зерттеудің бірінші ғылыми жаңалығы болады.
Аралас оқытудың педагогикалық дизайнын білім беру ресурсы ретінде толық жасақтауда заманауи технологиялық әдістерді, цифрлық құрылғыларды қолдана отырып, сабақ үдерісін, ресурсты, бағдарламаны, контентті жобалаудың бүкіл процесі қамтылады, соған орай, аралас оқытудың маңызды бөлігін оқыту үрдісін технологияландыру құрайды. Білім беруді технологияландыру білім беру мазмұнының арнайы базалық репозиторийлерін қолдануды көздейді. Зерттеу барысында қазіргі уақытта отандық университетерде оқытушылар бұндай репозиторийлерді қолдана бермейтіні, әрі жетілдірілген нұсқалардың қолжетімсіздігі, алдыңғы қатарлы тәжірибемен алмасуда «материалдар базасының» жеткіліксіздігі анықталды. Осыған сай, зерттеудің екінші ғылыми жаңалығы - білім мазмұнының, бағдарламасының, оқыту әдістері мен цифрлық ресурстарының нәтижеге бағытталуын қамтамасыз ететін педагогикалық дизайнның толымды технологиялық тұғыры ретінде LAMS, LMS, CMS цифрлық білім беру ресурстарын интеграцияланған моделін жасақтау болады.
Аралас оқытудың педагогикалық дизайнын практикада қолдануда оқытушылар мен студенттер арасындағы байланыстың жаңа формаларына бағытталған платформа әзірленуі зерттеудің үшінші ғылыми жаңалығын негіздейді. Ұсынылатын платформа үш модульден тұратыны көзделуде. Басқару модульі арқылы білім беру үрдісін ұйымдастырылады, білім алушылар, оқытушылар, мекеме басшылары/менеджерлердің рөлдері қолжетімді болып, қадағалау, бағалау, мониторинг жүйелерінің жұмысы жүргізіледі.Оқыту модульінде цифрлық ортадағы асихронды және синхронды байланыс сервистерінің қызметі, онлайн тақталардың ресурстары, тапсырмаларды жобалау және жасау, тағайындау жабдығы, бағалау құралдары орнатылады. Контент модульінде кітапхана, аудио, видео ресурстарды орналастыратын бөлік қарастырылады. Белсенді оқыту әдістерін қамтамасыз ету ресурстары мен сілтемелерді қосу мүмкіндіктері беріледі.
Аралас оқытудың ұсынылатын педагогикалық дизайнының тиімділігін бағалау өлшемдері мен көрсеткіштері аралас оқыту нәтижесінде студенттердің жалпы және кәсіби құзыреттілігінің қалыптасуын бағалау бойынша құрастырылады.