Әлемдік дамудың қазіргі жағдайлары білім беру парадигмасының цифрлық қоғамдағы жаңа бағыттарын айқындап беріп отыр. Білім берудегі ақпараттық технологиялар оқытушылар мен студенттердің білім алудағы қарым-қатынастарын жаңаша ұйымдастыру арқылы болашақ мамандардың жаңа сапаларын дамытуға мүмкіндік береді. Дәстүрлі оқыту дизайны оқытушы мен студенттің аудиториядағы тікелей қарым-қатынасына бағытталса, енді цифрлық ресурстар арқылы аралас оқыту әрекеттері оқу жоспарын, құрылымын, оқыту ресурстарын, оқу ортасы мен оқыту әдістерін өзгертуді қажет етіп отыр. Осыған орай, Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды 2022-24 жылдарға гранттық қаржыландыру конкурсының нәтижесінде Ұлттық Ғылыми Кеңесте мақұлданған «Жоғары оқу орындарында цифрлық білім беру технологияларын интеграциялауға негізделген аралас оқытудың педагогикалық дизайны» тақырыбы аясында 2023 жылдың 05-06 қаңтар күндері Ғылыми жоба тобының ұйымдастыруымен «Цифрлық дәуірдегі педагогикалық дизайн» тақырыбында оқыту семинары өткізілді. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті педагогикалық факультеті «Педагогика және психология» кафедрасы және «Жаратылыстану ғылыми пәндер», «Тарих және құқық» кафедрасының педагогикалық оқытушы профессорлар құрамы қатысты.
Семинар барысында п.ғ.д., профессор Бахишева С.М. цифрлық дәуірде аралас оқытудың педагогикалық дизайны; п.ғ.к, қауымдастырылған профессор Кинжекова Р.С. цифрлық білім беру жағдайындағы білім беру бағдарламаларын жаңартудың мазмұны мәселелерін жан-жақты талқылады. П.ғ.к, қауымдастырылған профессор Кажиакпарова Ж.С. оқу процесінде Google формуласын, BANDICAM, Canva бағдарламаларын ЖОО білім беруде тиімді қолдану тәжірибеслерімен бөлісті. П.ғ.м., топ мүшесі Мұхтар З.Ғ. МООК әзірлеу бойынша ғылыми – әдістемелік ұсынымдарды жүйелеп, практикалық тұрғыда жасақтаудың жолдарын презентация, видео-лекция түрінде таныстырды.
Семинарда көтерілген мәселелерге оқытушылардың қызығушылығы жоғары деңгейде болып, оқытушылардың сұранысымен енді тұрақты түрде жүргізіліп тұруға ұсыныс жасалды.